Материалдар

«БІЗДІҢ ТҮЛЕК – БІЗДІҢ МАҚТАНЫШЫМЫЗ»
 
НАКИПОВ ЖАНДУЛЛА БАЛҒАБАЙҰЛЫ
 
Түркістан қаласының тумасы.
1999 жылы «Емдеу ісі» мамандығы бойынша бітірген.
Интернатура бойынша мамандығы – хирург.
2001 жылдан бастап Қайта даярлау мамандығы  – нейрохирург.
2001 – 2005жж. аралығынд Түркия Республикасының Анкара қаласындағы Хаджеттепе университетінде  нейрохирургия мамандығы  бойынша мамандандырудан  өткен.
2005-2007жж. ХҚТУ медицина факультетінің жалпы хирургия кафедрасында оқытушы болып қызмет атқарған.
2007-2009жж..–Астана қаласындағы  «Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы» АҚ-да балалар нейрохирургиясы бөлімінде меңгеруші қызметін атқарған.
2009-2011жж.- Астана қаласындағы «Республикалық ғылыми нейрохирургия орталығы»  АҚ-да балалар нейрохирургиясы бөлімінің аға ординаторы қызметін атқарды.
2011 жылдан бастап бүгінгі таңға дейін  Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ клиника-диагностикалық орталығы» мекемесінің бас дәрігер қызметін атқаруда.
Жоғары санатты дәрігер-нейрохирург (ересектердің, балалардың), ҚР ДСМ-ның тәуелсіз сараптамашысы (независимый эксперт), ҚР ДСМ Денсаулық сақтау ісінің үздігі.
 
 «БОЛАШАҒЫҢЫЗ – ӨЗ ҚОЛЫҢЫЗДА»

-90-шы оқу жылдары ерекше болды, себебі, ол жылдар ТМД-ның  тарқап, Қазақстан мемлекетінің тәуелсіз мемлекет болып қалыптасу кезеңімен  тұспа-тұс келді. Елімізде экономикалық қиындықтармен қатар жалпы барлық салада өзіндік қиындықтар туындаған уақыт болды. Мысалы, клиникалар мен ауруханаларда медициналық жабдықтардың, дәрі-дәрмектердің және бүкіл елде электр энергиясының жетіспеушілігі, стипендия мен айлық жалақылардың кідіріспен берілуі сияқты тұрмыста да сан түрлі қиындықтар туындап жатты.

Әрине, осының бәрі оқу процесіне және студент психологиясына өз әсерін тигізбей қоймады. Алайда, осыған қарамастан біздер терминдерді жаттап, материалдарды кешке пілте шам жарығымен оқып дайындалдық, асымызды үй алдындағы ошаққа пісіріп жедік, науқастар үшін отаға қажетті материалдарды өзіміз сатып алып, ота жасауды үйрендік.  Ол кезде қазіргідей ақпарат алатын интернет немесе ұялы телефондар болған жоқ. Біз бір кітап тауып алып оқығанда ескі немесе жаңа болсын қатты қуанатын едік, ақпарат тапқанымызға.

Бүгінде әрине, оқу үшін жасалған мүмкіндіктер мүлдем басқаша. Заманауи технологиялар, ғаламтор желісіне байланған интерактивтік кабинеттердің болуы, электр қуатының үздіксіз берілуі студенттерге сапалы білім алуға үлкен мүмкіндіктер беретіні сөзсіз. Сонымен қатар клиникалардың заманауи жабдықталуы, жұмыс істеуге жасалған мүмкіндіктер шексіз. Әсіресе бізде, біздің студенттеріміз өз қалауларымен бүкіл семестр бойынша практикаларын шетелдің ең үздік клиникаларында өткізу үшін жіберілуде,  дәрігерлерімізді  2-4 жылдық мерзімге біліктілік көтеру үшін жіберіп отырамыз.

Қымбатты студенттер, болашақ әріптестер! Медицина факультетінде оқи жүріп, қоғамдық жұмыстарда белсенді, оқуда үздік және өмірде креативті болу оңай шаруа емес.  Ал, егер осының бәрі Сіздердің қолдарыңыздан келіп жатса, онда Сіз нағыз келешектің дәрігерісіз. Өмірде адамға нақты бір мақсаттарға жету үшін азғантай ғана белгілі бір уақыт мерзімі беріледі,  сол уақыттарыңызды дұрыс қолдана біліңіздер, оны бос нәрселермен жоғалтпаңыз, уақыт өте келе сол бос жіберген уақыттарыңыз үшін өкінетін боласыз.

 Бұдан аз уақыт бұрын мен де сіз отырған партада отырғанмын, сіздерге дәріс берген оқытушылар менің де оқытушыларым болған, қазір маған факультетім мен оқытушыларымның берген білімдерін көрсетуге мүмкіндік туғанын мақтаныш етемін. Және бір басшы ретінде айтатыным, мен жұмысқа ең ақылды, ең батыл, ең зерек, ең үздік, ең тәртіпті және тәрбиелі қызметкерді қабылдаймын. Мұндай болу Сіздің өз қолыңызда. Сіз өз болашағыңыздың, өз мансабыңыздың құрылысшысысыз! Сізге үлкен табыстар мен денсаулық тілеймін!

 

 

Туған күніңмен, сүйікті оқу ордам!!!

 

Дайындаған:    Ұлдарай БАТЫРҚЫЗЫ.