Материалдар

СЕЙІТМАН СЕРІК

СЕРІК СЕЙІТМАН
 
«ҚАЗАҚСТАН» РТРК, «ШАЛҚАР» радиосының бас редакторы.
 
2003 жылы ХҚТУ-нің Шымкент филиалын «Филология» мамандығы бойынша тәмамдаған.
 
2008 жылы ҚАЗҰУ-нің магистратурасын бітірген.
 
Қасиетті Қазақ Топырағында кіндік қаны тамған.
 
Университетте оқып жүргенінде оқу орнының жанынан құрылған Саттар Ерубаев атындағы әдеби бірлестікті басқарған. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің I дәрежелі дипломымен марапатталған. Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты. Халықаралық және Республикалық жыр бәйгелерінің бірнеше рет жеңімпазы.
 
2003 жылы «Мен құпия бір жанмын», 2006 жылы «Қырсық қызға қолтаңба», 2010 жылы  «Қазақтың қаны» атты жыр жинақтары жарық көрген
 
«АРМАН – АДАМДЫ ЖЕТЕЛЕУІ КЕРЕК»
 
-Туған жерімді нақты айтудан қашқақтаймын. Себебі, оның арғы жағынан жершілдік, рушылдық деген жаман ұғымдар туып кетуі мүмкін. Бұдан Серік туған жерін сүймейді екен деген ой тумауы керек. Мен бұлай ұлттың, жұрттың бірлігі үшін айтамын.
 
ХҚТУ-ды сүйікті Отанымыздан бөліп қарауға болмайды. Өйткені, бұл білім-ғылым ордасы, Ел Тәуелсіздігінің жемісі. Тәуелсіздік алған заматта Халықаралық болып қайта құрылған университет Еліміздің сан саласына сан мың маман дайындап беріп, ол мамандар елдің көркеюі мен өркендеуіне өздерінің өлшеусіз үлестерін қосып жатыр. Сондықтан, бүгінде осы шаңырақтың түлектерінсіз ел өмірін елестету де мүмкін емес.
 
Дегенмен, кезінде университет жанынан құрылып, дүркіреп шыққан Бекзат Саттарханов атындағы «Намыс» жастар қоғамдық бірлестігінің жұмысы бүгінде бәсеңсіп қалғандай. Алыста жүрсек те соған жанымыз ауырыңқырайды. Әйтпесе, Бекзаттай хас батырлар қазақ жастарының қай-қайсына болсын ұстын болатын дап-дайын темірқазық емес пе? Ұлттық идеологияның жұмыстары тек Ел билігінің басында ғана жүрмей, әр салада өзінің жалғасын табуға тиіс деп ойлаймын.
 
Негізі біз студент кезімізде қызық қуған емес, арман қуған жастар болдық. Қызық орға жығуы мүмкін, арман өрге тартады. Халық даналығы «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» десе, мен «Арман адамды жетелесе, адам арманды жетелеуі тиіс. Армансыз адамның адам болуы, адамсыз арманның арман болуы мүмкін емес» деймін. Әрбір қазақ баласының арманы елдік арманға кеп тоғысып жатса нұр үстіне нұр.
 
Тек ХҚТУ студенттеріне ғана емес, бүкіл қазақ жастарына айтарым – сезімді болсын, білімді болсын және ақылды болсын. Бұл үшеуін неге айтып отырмын? Әрине, адам баласы өзінің Отанын сүюге – сезім керек. Ал, сүйген Отанының гүлденуіне қызмет ету үшін білім керек. Сондай-ақ, жиған білімін орынды пайдалану үшін ақыл керек. Әйтпесе, ақылсыз жасалған тірліктің баянсыз болатынын айналадағы саяси оқиғалар айқын дәлелдеп отыр. Мына ақпараттық майданның заманы үрген итпен бірге үретін кез емес. Сондықтан, Елдік, Ұлттық мәселелерге келгенде, әрбір қазақ баласының көзі ашық, көкірегі ояу болғаны жөн. Сөзін астарлап айтатын қазақтың ұрпағы әрбір істің астарын аңғарса екен деген тілегім бар.
 
Туған күніңмен, сүйікті оқу ордам!
 
Дайындаған:   Ұлдарай БАТЫРҚЫЗЫ.