Материалдар

ДОСАЙ КЕНЖЕТАЙ

"БІЗДІҢ ТҮЛЕК - БІЗДІҢ МАҚТАНЫШЫМЫЗ"
 
ДОСАЙ КЕНЖЕТАЙ
 
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, философия және теология ғылымдарының докторы.
 
Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Төрткөл ауылының тумасы.
1992-1996 Ахмет Иасауи Университеті, философ-дінтанушы және араб тілі мұғалімі мамандығы бойынша бітірген.                  
1996-1999 Анкара Университеті Әлеуметтік Ғылымдар Институты Магистратура Бағларламасы бойынша блім алып,  теолог-философ дәрежесін алған.
2002 жылы Қазақстан ҒБМ Философия және саясаттану институтының ғылыми кеңесінде кандидаттық диссертация қорғаған
2003 жылы Анкара Университеті Әлеуметтік Ғылымдар Институты Докторантура Бағдарламасы бойынша, ислам философиясы докторы ғылыми атағын алдым (PhD).
2007 жылы 27 сәуірде Қазақстан ҒБМ Философия және саясаттану институты ғылыми кеңесінен философия ғылымдарының докторы ғылыми атағын алу үшін «Қожа Ахмет философиясы және оның түркі дүниетанымы тарихындағы орны» атты диссертация қорғаған.
 
«ЖАСТАРДЫҢ УАҚЫТТАРЫНДА ҮЙЛЕСІМДІЛІК БОЛУ КЕРЕК»
 
 -Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің университетінің алғашқы түлектерінің бірімін. Бүгіден Астанада Евразия Ұлттық университетінің профессорымын, екі ғылым саласының докторымын. Бірақ, бәрібір қайда жүрсем де әлі өзімді осы «Қожа Ахмет Иасауи Университетінің» студенті ретінде сезінемін.
 
Бұл университеттің ашылуы сол кездің өзінде-ақ кешегі кеңестік режимнің ыдырап, тәуелсіздігіміздің жаршысы ретінде «ұлттық менімізді», «тарихи мемлекеттілігімізді» қалпына келтірудің алғашқы қарлығашы сияқты еді. Бұл университет еліміз әлі тәуелсіздігін жарияламай тұрып, тұңғыш елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтің бұйрығымен 1991 жылы жазда ашылған болатын. Сол бұйрықтың мәтініне үңілсеңіз ... «Орта Азияның ежелгі ғылыми және мәдени орталығы Түркістан қаласын дамыту мақсатында 1991 жылы Түркістан мемлекеттің университеті ашылсын» делінген.
 
Бұл бұйрықтың мәні қазақ мемлекеттілігінің тарихи, мәдени, діни, саяси тұрғыдан қайта жаңғыруының басы болды. Түркістан қаласының атауы Қожа Ахмет Яасауимен тікелей байланысты. Яасауиді тарих «пір и Түркістан» «яғни түркі елінің ұстазы» деп танып, сол жерге жерлеп,  кесенесі де, ілімі де, руханияты да шын мәнінде біздің ұлттық болмысымыздың қайнар көзіне айналған «астана» қызметін артқарған. Бірақ, оны кешегі  кеңестік,  шовинистік,  атеистік  режим  жақсы  білгендіктен, сол  атауға  да кеңістікке де  көңіл  бөлдірмей тастады.
 
Тұңғыш президентіміз, Н.Ә. Назарбаев  осы  тұғырды  тануда, танытуда өзі тікелей  бастамашы  болып, бір мемлекет тіршілігіндегі тарихпен үндесу ұстанымын   дәлелдей  алды. Бірақ, сол кезде осы  «Ясауи  атындағы  Университеттің  болашағы жоқ»   деген  пікірлер  газет беттерінде жарық  көріп  жатты. Мұны жазып жүргендер де өзіміздің азаматтарымыз. Осылайша «Дін» түгіл «Түркістан» деген  атауды  айтқан талай ерлердің  тілін кескен  кеңестік  режимнің  үрейлі  бейнесі  қоғамдық санадан оқитын оқтын көрініс беріп тұратын. Олар бүгін  де  кешегі кеңестік режимді аңсаушылар ретінде тарихта қалды.
 
Біз алғашқы түлектер, университеттің базасы талапқа сай болмай жатса да, әсіресе, әлеуметтік  жағынан, кабинеттер  жетіспей, барының өзінің  жабдығы  төмен, есік, терезелері  жамау, жылу  жүйесінің аты бар да заты жоқ, электр де сағатпен беріліп жатқандығының куәсіміз. Қазіргі университет жастар  үшін  қыстың  суығында  дәріс  алып  отырған   шәкірттерді  елестету ертегі  сияқты  естілуі  ғажап  емес. Мен мұны неге айтып отырмын, кез келген шәкірт өзінің білім алып жатқан ордасының тарихын сезінгенде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарының ауыртпалығы мен бақытын оқып, білсін дегім келеді. Біз  алғашқы  түлектер  осындай  жағдайда  білім  алдық.  Университетте  ол кезде кейбір  тақырыптар  бойынша  бір  екі  нұсқа  ғана кітап  болатын.  Оны  кезекпен,  кейде  бүкіл  топ  болып  дауыстап  оқитынбыз.
 
Сол кездерде университеттің құрушы ректоры академик М. Жұрыновтың  ректорлықтан  бұрын идеолог,  ұстаздық  қызметі  алға  шығатын.  Ел  болу,  тарихқа  үңілу, тәуелсіздік, жастардың ел болашағы екендігі, ғылымы мен білімінің  ертеңгі ел  үшін  жасалып  жатқандығы  туралы  айтудан  жалықпайтын. Әр мәжілісте осы бір  тақырып қайталанып жатса да, Жұрыновтың  аузынан әрдайым  жаңаша естілетін.  Бұл  оның  ұстаздығы, шыншылдығы мен  шынайылығының  сонымен қатар ректор  тұлға екендігінің  көрінісі  болатын. Жастардың «Тәуелсіздігіміздің  ертеңгі  кірпіштері»  боламыз  деген асқақ сезіммен одан сайын білімге құштарлығы артатын.
 
Сосын Жұрынов қыруар жұмысы күтіп тұрса да,  жастарға деген көзқарасы мен көңілі ерекше болатын. Оларды білімде, өнерде, спортта өзара жарысуға итермелейтін. Себебі, қай жерде талантты өнерпаз, дарын болса, Түркістанға оқуына жағдай жасайтын. Бұл, бүгінгі педагогикадағы «жастар психологиясына әсер» әдісінің оң ықпал еткендігіне дәлел. Себебі ,«жастар кандай болу керек» деген құрғақ теорияларға қарағанда, олардың өз орталарында «үлгілі шәкірт» жүрсе, жастар соларды көріп, еліктеп бой түзейтін. Соның жемісі, жауыннан кейінгі бәйшешектей болып, еліміздегі алғашқы олимпиада чемпиондары, өнерпаздары, театр актерлері, мәтінтанушы, ғалымдары, ақындары мен теологтары, түркологтары осы университет түлектері екендігі бүгін дәлелдеуді қажет етпейді.
 
Басқасын айтпағанның өзінде, бүгінгі қоғамдағы теология, дін саласы бойынша атаулы мамандар осы университеттің түлектері. Себебі, бұл оқу орнында ең алғаш тәуелсіздік алмай тұрып ақ теология мамандығы ашылды. Тарихи сана мен сабақтастық та осы қасиетті Түркістан топырағынан бастау алды.
 
Өзім де алғашқы түлек ретінде білімімді Анкара университетінде жалғастырдым. Оралған соң, осында дінтану кафедрасында, Яасауитану орталығында, Аймақтық орталықта, Түркология ғылыми зерттеу институтында  қызмет атқардым. Бұл университет тәуелсіз Қазақстан үшін оның тарихи санасы мен құндылықтарының жүйеленуіне көп еңбек сіңірді әлі де атқарар қызметі алда деп сенемін. Бүгінгі таңда әлеуметтік гуманитарлық ғылым салаларында кешегі кеңестік ғылым шаблондарын сындыру аяқталған үдеріс емес, алғаш «Советтік Түркологияға» қарсы ғылыми ұстанымды да осы Түркістан университеті мамандары ұсынды. Түркістан Әлемдік Түркология ғылымының орталығына айналды. Соның ішінде дін мен мәдениет және өркениет қатынасындағы жаңа теориялар мен тұжырымдарды кешенді зерттеулер негізінде ұсынып, бастамашылдық танытқан да осы киелі жердің жаңа ғалымдары болатын. Бүгін қазақтардың ислам өркениетіне ену тарихында тұғырлы зерттеу сараптамаларымен мектеп бола білген де осы Түркістан ғалымдары екендігін, олардың Қазақстан гуманитарлық ғылымының абыройын көтеріп отырғандығын ауыз толтырып айтуға болады. Археология, қолжазба мен мәтінтану, дінтану және теология саласында Түркістанның тәжірибесі де, жаңашылдығы да айдан анық. Екінші осы салалар бойынша Түркістан университеті кітапханасында қордаланған кітаптарды еліміздің басқа білім ошақтарынан кездестіру қиын.
 
 
Студенттік жылдарымда қызықтар көп болды ғой...
 
Студент кезімде университетте «айтыс ошағын жандандыру» деген біз үшін үлкен шабыт көзі болды. Жыл сайын өзім бітіріп кеткенше осы студенттер арасындағы айтысты қолға алдым. Бірінші курста оқитынмын. Бір күні, қалалық мәдениет бөлімінің бастығы Әбдікәрім ағам келіп, «Түркістан ауданының 60 жылдық тойы болады. Соған екі жұп ақындар айтысын ұйымдастырып бер» деді. Бірінші жұпқа Асқар Дүйсенбі мен Жұмахан Дүйсенбиев бар, ал, енді екінші жұп жоқ. Сонымен бір ойланып мың толғанып, бүгінгі атақты ғалым, теология докторы, Паттеев Мұхитдинді көндіріп, екеуміз айтысатын болдық. Дайындыққа қызу кірісіп кеттік. Айтатын шумақтарымызды күні бұрын апробациядан өткізіп өзара келісіп алғанбыз. Айтулы күн де келіп жетті. Той. Айтыс басталды. «Суырып салып отырмыз». Тыңдаған жұрт аң таң... Кезек айтыс шумақтарын абыроймен аяқтаған соң, келесі шумақты еске түсіріп іштей қайталап отырғам. Қарсыласымның не айтып отырғанында шаруам жоқ. Сөйтіп отырып, Мухитдиннің бір шумақты ұмытып тастап кеткенін байқамай қалыппын. Ол шумақта маған «Осы жасқа келгенше бойдақ жүрсің» деп қағытатын еді. Мен оған жауап ретінде «әпкеңді» берейін деп пе едің деп дүрсе қоя беретін едім. Сол жерін ұмытып қалған да келесі шумаққа өтіп кеткен, ал, мен болсам, кезегімен дайын «патрондарды» атқылап жатқанмын. Айтыстың бітуіне әлі талай шумақтар бар. Сол кезде күлкі қысқан Мухитдин орнынан тұра қашпасы бар ма... Мен де қуа жөнелдім.. Жұрт аң таң ....Сөйтіп екеуміз сахнаға құйындатып келіп, шаңдатып кетіп қалғанбыз...
 
 
Университетті қызыл дипломмен бітірдік. Бітірмей жатып-ақ салыстырмалы түрде білікті маман болып сезініп те қалғанбыз, арабшаны сөйлеп, түсінетін деңгейдеміз. Дін туралы жобаларға, талқылауларға қатысатынбыз. Марқұм деканымыз, профессор Жұмабай Ізтаев ізденуге үндейтін. Көп ұзамай Анкара университетіне магистратура бағдарламасы бойынша білімімді жалғастырдым. Профессор М. Байрактардың ислам философиясы дәрісіндемін. Фарабидің мына терориясы, ана концепциясы дейді де жалғастырып кете береді. Ештеңе түсіне алмадым. Сосын ұялмай сұрадым ол қандай теориялар, концепциялар деп. Соны да білмейсің бе деген сыңаймен қарады...Баяғы сезімнен түк қалмады... Мақсат Әліпхан ағамыздың «Досай, артымда қанша жүйрікті шаң қаптырдым деп емес, алдымда қанша жүйрік бар деп қара» деген сөзі есіме түсті. Сосын бәрін қойып Фарабидің кітаптарын жинап қайтадан оқуға кірістім. Сөйтсем сол кезде біздегі Фараби аудармалары қысқартылған, кеңестік шаблондарға сай сұрыпталған, ойлары үзік жұлық трактат ретінде басылған екен. Жастарға айтарым, студент шақ алтын уақыт, білім алу уақыты, ол уақытты кейін таппайсыңдар! Мен әлі күнге студенттік шағымның көп бөлігін босқа өткізіппін деп қараймын. Бұл шақты тек білім алуға арнау керек екен....Әрине,  студенттік кезде махаббатқа да білім алуға да уақыт жетеді. Тек уақыттарында үйлесімділік болу керек!
 
Туған күніңмен, сүйікті оқу ордам!
 
Дайындаған:  Ұлдарай БАТЫРҚЫЗЫ.