Материалдар

КЕНЖЕҒАРАЕВ НОЯБРЬ ЖАНАТҰЛЫ

«БІЗДІҢ ТҮЛЕК - БІЗДІҢ МАҚТАНЫШЫМЫЗ»
 
КЕНЖЕҒАРАЕВ НОЯБРЬ ЖАНАТҰЛЫ
 
АРЫС ҚАЛАСЫНЫҢ ТУМАСЫ.
 
1996 ЖЫЛЫ ФИЛОЛОГИЯ ФАКУЛЬТЕТІН ҮЗДІК ДИПЛОММЕН БІТІРГЕН.
 
ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ. 100-ДЕН АСА ҒЫЛЫМИ-ПУБЛИЦИСТИКАЛЫҚ МАҚАЛАЛАРДЫҢ, 1 МОНОГРАФИЯ, 2 ОҚУ ҚҰРАЛЫНЫҢ АВТОРЫ. ҚАЗАҚСТАН ЖУРНАЛИСТЕР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ. РЕСЕЙ ЖАРАТЫЛЫСТАНУ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ПРОФЕССОРЫ. РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «ХХІ ҒАСЫР ОҚЫТУШЫСЫ» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРІ.
 
ҚАЗІРГІ ТАҢДА АЛМАТЫ МЕМЛЕКЕТТІК ДӘРІГЕРЛЕР БІЛІМІН ЖЕТІЛДІРУ ИНСТИТУТЫНДА ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ.
 
«ТҮРКІ ДҮНИЕСІНІҢ ЖАСТАРЫ – БІР ТУДЫҢ АСТЫНДАМЫЗ»
 
- 1992 жыл Қ.А.Ясауи атындағы Түркістан мемлекеттік университеті  Халықаралық мәртебеге ие болып Халықаралық қазақ-түрік университетіне айналғандықтан, менің студенттік жылдарым еліміздің егемендік алған, ғасырлар бойы күткен азаттықтың ақ таңына қолы жеткен, эмоциялық эйфорияның кезеңіне тұспа-тұс келді деп айта аламын. Тәуелсіздігімізді ең бірінші мойындаған бауырлас Түркия еліне деген құрмет, Кеңестік бодандықта тар қапаста болған тарихи ақтаңдақтар, ойшыл ғұламаларға деген ықылас, өткен тарихқа деген ниет өте керемет болатын. Бүкіл ел рухани қайта жаңғыру, қайта түлеу, діңі мен діліне оралу  деген дүниені ерекше құлшыныспен іске асырып жатқан кез болатын. Сондықтан да Қазақстанға келген шетелдік қонақтар мен Қазақстанның зиялы қауым өкілдері Түркістанға қадам баспай кетпейтін еді. Университетімізде мәдени іс-шаралар өте көп өткізілетін.
 
Университет құрылуының алғашқы жылдары болғанымен, сол кездегі басшылық Қазақстанның мықты ғалымдарынан құралған профессорлық-оқытушылық құрамды жасақтай білді. Оқу бағдарламасы мен оқу үдерісі де шынайы кәсіптік білімге негізделген еді. Қазір мен сауатты азамат атанып жүрсем, барлығы сол мектеп және университет қабырғасындағы ұстаздарымның арқасы деп білемін. Ұстаздарымыз М.Мырзахметұлы, Р.Бердібай, Т.Есембеков, М.Ержанов, М.Әбілтайн, С.Мадуанов, Қ.Ергөбек, С.Нұрматов, Ж.Камалова, Н.Қошанова, С.Дуанаева, С.Қосанбаев, Қ.Саттаров, А.Белботаев, Н.Мыңбаев, Б.Өзер, т.б. айтар алғысым өте зор, себебі, кәсіби тұрғыда білімімнің тереңдеуіне аты аталған ұстаздардың ерен еңбегі сіңді деп айта аламын. Кейінгі тұста ұстаздарымның көбімен әріптес атанып, әлі үйренуден жалыққан емеспіз. Университет құрылған алғашқы жылдарда білім сапасы өте жақсы болды деп айта аламын. Себебі алғашқы түлектердің қатарынан ғылым жолын қуып, ғылым кандидаты, ғылым докторы атанған түлектер өте көп. Бұл төл Университетіміздің жемісі деп білемін.
 
Студенттік кезеңнің ең қызықты кезі ол – білімге ерекше құштарлықпен сусындау. Күнделікті оқу сенің ой-өрісіңмен қатар білімінді толықтырып, байытып отырады. Университетте озат студенттердің қатарында болдым деп айта аламын. Біліммен қатар, университет пен қаланың көптеген мәдени, ғылыми іс-шараларын ұйымдастырып, жоғары деңгейде өткізілуіне мұрындық болатынбыз. Сол кездегі Түркістан қаласында орын алған әлеуметтік қиындықтарға мойымай, біліммен қатар, қоғамдық жұмыстарымызды қатар алып жүретін едік. Электр жарығы жоқ жатақханамызда балауызбен өткізетін туған күндеріміз есіме түсіп отыр. Жатақхананың студенттер кеңесінің төрағасы болғандықтан, түнде терезеден қоқыс төгетін студенттерді аңдып, тәртіпке шақыратынмын.
 
Осы тамаша сәтті пайдалана отырып, студент жастарға ақыл-кеңесімді де айтқым келеді. Сіздер Түркі жұртының қасиетті қара  шаңырағында, мәшһүр ғалым Қожа Ахмет Ясауидің есімін иленген, Түрік халықтарының достық университетінде білім алып жүрген шәкіртсіздер. Бұл – үлкен бақыт. ХҚТУ түлектерінің Қазақстанның басқа аймақтарындағы университет түлектерінен ділі өзгешелеу болады. Иманға ұйыған, Түрік халықтарының туыстығы, достығын терең түсінген, бойына сіңірген, ұлттық санасы жетілген, ұлт қамын ойлайтын танымы қалыптасқан ұлтжандылығымен ерекшеленеді. Кейінгі жас түлектерде осы басты қасиеттерден ажырамаса екен деймін. Қазір ХҚТУ-дың әлемнің түкпір-түкпіріндегі түлектерімен хабарласқанда, жүрегім жібіп сала береді, себебі Түркістан топырағы барлық түркі ұрпақтарын бауырластырып тастаған еді. Сол іргеміздің сөгілмеуі, әрине, жастардың қолында. Төл университетім өркендей берсін!                                                                                      
 
Туған күніңмен, сүйікті оқу ордам!
 
Дайындаған:   Ұлдарай БАТЫРҚЫЗЫ.