Материалдар

ШАЛАНОВ ЕРБОЛ САБИТҰЛЫ

«БІЗДІҢ ТҮЛЕК - БІЗДІҢ МАҚТАНЫШЫМЫЗ»
 
ШАЛАНОВ ЕРБОЛ САБИТҰЛЫ
 
Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Көкібел ауылының тумасы.
2005 жылы Халықаралық Қазақ-түрік университетінің Шымкент институтының тарих факультетін үздік тәмәмдаған.
2009 жылы Саясаттану саласы бойынша  магистратураны бітірген. Қазіргі таңда Астана қаласындағы Қазақстанның ішкі-сыртқы сауда және инвестиция саласындағы әлеуетін арттыру бағытында жұмыс жасайтын «HEMEN KazTrade Group» компаниясының директоры  және Қазақ-Венгер біріккен кәсіпорынының Атқарушы директоры қызметтерін атқарады.
 
«ҰСТАЗДАРДЫҢ БІЛІКТІЛІГІ ӨТЕ ЖОҒАРЫ БОЛАТЫН»
 
-Адамның университет қабырғасында оқып, студент атанған жылдары ең қызықты, кез-келген адамның өмірінде айшықты орын алатын уақыты ғой. Барлық көзі қарақты азаматтар секілді менің де ең қызықты студенттік жылдарым, Халықаралық қазақ-түрік университеті деп аталатын еліміздегі ең алғашқы Халықаралық мәртебесі бар оқу орнының қабырғасында өтті.
Менің оқу ордасымен таныстығым, мектеп қабырғасынан басталды. Шымкент қаласында орналасқан, біз білім алған Облыстық мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектепте ұйымдастырылатын ғылыми жобаларға, іс-шараларға университет ұстаздары жиі келетін. Әрине, облыстық деңгейдегі түрлі пән олимпиадаларында қазылық жасайтын білікті ұстаздар да осы оқу орнының оқытушы-профессорлар құрамы еді.  Осы алғашқы таныстық мені осы оқу орнының студенті атануыма бірден-бір себеп болды.
Оқу ордасында біз білім алған жылдар, оқу орындарына Болон декларациясының талаптары енгізіле бастаған кезеңге сәйкес келді. Бұл декларацияға сәйкес 2010 жылға дейін Еуропалық білім берудің біріңғай жүйесіне көшу көзделген болатын. Отанымыздың білім беру жүйесіндегі ізденістері мен бастамалары әлемдік білім кеңістігіндегі ықпалдастықты арттыру мен сапаны көтеруге бағытталған болатын.  
Сондықтан ұстаздар қауымы үшін білім беруде инновациялық әдістер енгізу талап етілсе, студенттер үшін білімді бағалаудың ұдайы жаңа тәсілдері енгізіліп отырды. Университте еуропалық кредиттік жүйені енгізу, барлық пәндерден компьютер арқылы тест тапсыру, әр семестр алдындағы блок тапсыру жұмыстары барлығы осы кезеңдерде бастау алған болатын. Сынақ-емтихан кезеңінде студенттер, осы неге барлық жаңалықтар біз оқыған уақытқа сәйкес келді екен деп қынжылатын. Оңтүстік халқы үшін «ХҚТУ» атымен танымал болған оқу ордасының ұстаздары да өте білікті болатын. Біз білім алған жылдары оқу орнымызда Түркия Республикасынан келіп сабақ беретін профессор-оқытушылар да, түркі тілдес елдерден келіп оқитын жастар да өте көп болды. Университет шын мәнінде Түркі халықтарының мызғымас бірлігінің символы іспеттес болатын. 
Студентік жылдары білім алумен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсенді араластық. Елімізде ең алғашқылардың бірі болып біздің университетте Студенттердің өзін-өзі басқару  ұйымы дүниеге келді. Оқу орнының, факультеттердің лидері атану үшін қаншама әділ әрі тартысты сайлаулар ұйымдастырылды.  Бұл өз кезегінде жастардың қоғамдық-саяси белсенділігін арттырып, білім мен тәрбие процесін қатар ұштастыруға септігін тигізді.
ХҚТУ жастарының белсенділігінің нәтижесінде және біз оқыған жылдардағы оқу орны басшыларының демократиялық көзқарастарының арқасында университет қабырғасында облысқа, республикаға танымал «Бәйтерек» жастар ұйымы дүниеге келді. «Бәйтерек» жастар ұйымы оқу ордасы жастарының басын қосатын, жобаларын іске асыратын үлкен алаңға айналды. Жастардың мейлінше кең білім алып, қоғамдық ортада өздерін еркін сезінуіне сол кездегі оқу орны басшыларының үлкен ықпал еткенін ерекше атап өткім келеді. Бұл ретте, әртүрлі уақыттарда университетте басшылық қызметтер атқарған С. Ж. Пірәлиев, Л.Т. Тәшімов, Т. П. Райымбердиев, Сабри Хизметли, С. Әбубәкіров, Б. Исабек  т.б. көптеген ағаларымыз бен апайларымыздың еңбегін айрықша атап өткен артық емес деп ойлаймын.
Оқу ордамыздың басшылары жүктеген жауапкершіліктің үдесінен шығу мақсатында сүйікті оқу орнымда Жастар комитетінің басшысы болып 5 жылға жуық қызмет атқардым. Бұл жылдаралған білімімді тәжірибемен толықтырған, студенттермен біте қайнасқан қызықты жылдар болатын.
Қазіргі таңда да университеттегі оқытушы-профессорлармен байланысып тұрамыз. Оқу орнының білім саласына Халықаралық Сапа менеджменті жүйесін енгізіп, тың бастамаларға иек артып отырғанын мақтаныш етеміз. Соңғы жылдары университеттің экономика факультеті студенттерін өндірістік іс-тәжірибеден өтуге Астанаға қаласына шақырып, олардың жұмыстарын үйлестіріп отырмыз. Өзімізге қарасты компанияларда болсын, біздің серіктестеріміздің мекемелерінде болсын қазіргі  студенттер де белсенділігімен, білімдерімен көзге түсуде.
Болашақта да оқу орнымыз әлемнің ғылымы мен білімінің бірегей орталығына айналып, түлектері арқылы мақтанып отыратын үлкен қара шаңыраққа айналарына сенеміз.
Студенттік жылдары бастан көптеген қызықты жайлар өтеді ғой.  Аузыма түскен алғашқы бірі айтайын. 3-курста оқып жүргенде университет атынан «Отан тарихы» пәнінен  Студенттердің  республикалық олимпиадасына қатысқанбыз. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің қабырғасында ұйымдастырылған шараға республиканың барлық (ұлттық, мемлекеттік, жеке меншік) оқу орындарының студенттері қатысты. Аталмыш бәсекеде біздің оқу орны 2 орын иеленген болатын. Сол шараның бір қызығын айтайын.
Қасымда өзім секілді тарих факультетінің студенті Ғалымжан Оразымбет деген азамат барған болатын. Шынын айтайын, оңтүстіктің баласы болған соң Теріскейдің тамағына тойыңқырамай, талғажау болар бірнәрсе іздеп, жатағымызға жақын маңдағы  дүкенге келдік. Ары іздеп, бері іздеп бұл жақтан да мандытып ештеме таба қоймаған соң, дүкен сөресіндегі тауыққа көзіміз түсті. Сатушыдан піскен тауық па деп сұрасақ, ия деп қояды. Жаппарқұлда жан бар ма, бір тойып жейтін болдық қой деп бірнеше тауықты алып, бізді орналастырған жатақханаға тарттық. Ол жақта бізді күтіп бастап барған жетекшіміз отыр. Ол да сол тамағының бабы табыла қомаған Бақытжан деген ағайымыз еді. Алып барған пакетті аша салып тауықты қақ ортасынан бөлсек, қан шығып тұр, мұнысы несі деп қоямыз. Екіншісін кессек ол да солай, арасы қара-қошқыл. Ғалымжан екеуміз салып ұрып қайтадан дүкенге келіп, піспеген тауық беріпсіндер деп айқайды салып тұрмыз. Олар піскен дейді. Сөйтсек ысталып пісірген тауық сондай болады екен ғой. Бұрын жеп көрмеген басымыз, сатушыларды күлкіге қарық қылғанбыз. Қайран студенттік шақтар-ай...
Студенттік шақ барлығына үлгеретін уақыт. Студенттік кезеңдегідей өмірлік маңызы бар  білім алатын кезең қайта оралуы екіталай, сондықтан жастар уақытын босқа өткізбесе екен деп тілек айтамын.
 
Мерейтой құтты болсын, сүйікті оқу ордам!
 
Дайындаған:   Ұлдарай БАТЫРҚЫЗЫ.