Материалдар

РЕМЕТОВ СӘБИТ АББАСҰЛЫ

«БІЗДІҢ ТҮЛЕК - БІЗДІҢ МАҚТАНЫШЫМЫЗ»
 
РЕМЕТОВ СӘБИТ АББАСҰЛЫ
 
Шымкент қаласының тумасы.
 
2003 жылы Саясаттану мамандығын бакалавр академиялық  дәрежесі бойынша, 2007 жылы магистратураны үздік дипломмен бітірген.
 
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің аппаратында бас эксперт.
 
«УАҚЫТТЫ ТИІМДІ ПАЙДАЛАНА БІЛГЕН ДҰРЫС»
 
-Қазіргі таңда білім аламын деген ізденушілерге мол мүмкіндіктер жетерлік, кітапханадағы кітаптар саны едәуір артқан. Біз білім алған жылдары ғылыми конференцияларға дайындалу үшін, дипломдық жұмысты жазу үшін Алматы қаласындағы ұлттық кітапханаға баруға мәжбүр едік, ғалымдардың өздерімен тілдесу біз үшін ғанибет еді, интернеттің өзі қолжетімді емес еді, оның ішінде қазақ тілді сайттар тіпті жоқ еді. Қазіргі таңда мүмкіншіліктер мол, қазақ тілді сайттар деген толып жатыр, кітапханалар кітаптарға толы, университеттің ғылыми әлеуеті едәуір артып, ғалымдар қатары толыққан. Зерттеу жұмыстарын университет қабырғасында атқаруға да мол мүмкіншіліктер қарастырылған. Университеттегі мұғалімдеріме айтар алғысым шексіз. Әсіресе, білім алуға, еңбек жолымды дұрыс жүргізуге үлкен септігін тигізген Рая Сейәлқызы Тәжітаеваға және менің оқу орнындағы тәрбие алуыма, көптеген үлкен адамдармен араласуыма, тәжірибе жинауға мол мүмкіндіктерді  жасаған факультет деканы Сағынғали Сандыбайұлы Әбубәкіровке алғысым шексіз. Университетті мен осы екі адамсыз елестете алмаймын.
 
Студенттік жылдары пікір-сайыс ойындарына қатысу үшін еліміздің көптеген қалаларына іс-сапарға баратынбыз. Бірде сондай бәсекенің бірі Алматы қаласында өтіп, группаластарым Еркебұлан, Еркін, Нұрлан және мен қатысқан болатынбыз. Ол сайыстан жүлделі орын алып, Алматының көптеген жерлеріне қыдырып, қалтамыздағы ақшаларымыздың тез арада таусылып қалғанын да байқамай қалыппыз. Барлығымыздағы тиын-тебенді қосқанда небәрі 1500-дей ақша ғана қалыпты. Содан көңіл-күйіміз жоқ, поездбен қайтуға ақша жоқ, КИМЭП-тің жатақханасынан Сайран автобекетіне дейін жаяу жетіп, автобекеттен Шымкенттің таныс жүргізушілерін іздеп тауып елге жетіп алу үшін төрт жігітке 2000 теңге төлеуіміз керек болатын, шоферға 1000 теңге беріп, қалғанын елге жеткенше «отвечаем» болып келістік. Группамызда Еркебұлан топ басшысы болған соң қалған 500 теңгеге соның қалтасында болған. Сайранда автобусқа жайғасып жатқанымызда алдыңғы бос орындарға екі сұлу қыз келіп жайғасты, сол ақ екен Еркебұлан жымың ете қалып, қыздармен таныса бастады. Біз жаяу жүріп шаршаған соң автобус жүрсе ұйықтап алармыз деп отырғанымызда, ішке банан сатушы әйел кіріп келді де «қыздар банан алыңдар» дегегенінде біздің Еркебұлан мырзалық танытып: «Апа ақшасын мен төлеймін, бананды қыздарға ұстатыңыз» деп қойып қалды. Сол кезде қалғып отырған үшеуіміздің көзіміз шәйдай ашылып кетті. Еркебұланға әй дегенше апамыз оған 150 теңге здачасын қайтарып беріп қойды. Содан бізде үн жоқ, Еркебұлан бізге қарап қып-қызыл. Автобус Алматыдан бірнеше сағат жүрген соң тамақтануға тоқтаған кезде, қалған 150 теңгемізге 1 айран мен 2 нан алып, автобустың арт жағында тығылып жеп отырған кезіміз болған. Содан Еркебұлан біраз уақытқа дейін «мырза бала» атанып жүрді.
 
Қазіргі жастар көп уақытын әлеуметтік желілерде өткізіп, уақытты дұрыс пайдаланбай жүр. Студент жастар кітап оқымайды, әсіресе, қазақ классиктерінің кітаптарын оқымағандары көп. Қазақ классиктері оқуларынан жарыстарды көптеп өткізу керек деген ойымды білдіргім келеді.
 
Туған күніңмен, сүйікті оқу ордам!
 
Дайындаған:    Ұлдарай БАТЫРҚЫЗЫ.