Қазақстан-Түркия достығы мәңгі жасайды!

"Түркия – Қазақстанның ең жақын әрі сенімді серіктестерінің бірі болып саналады. Елдеріміздің ортақ тарихқа, тіл мен рухани қазынаға негізделген қарым-қатынасы жақсы қарқынымен ерекшеленеді. Осы жолғы сапардың да қазақ-түрік байланыстарында терең із қалдырғаны сөзсіз".
Нұрсұлтан Назарбаев
"Қожа Ахмет Ясауидің хикметтерінен алған білімімізбен, күш-қуатымызбен ізгілікке бастар жолымызды одан әрі жалғастырамыз. Осы орайда, бұған атсалысар Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің басшылығына және студент жастарына толағай табыстар тілеймін. Университетіміздің өзіне жүктелген міндетті сәтті атқаратынына кәміл сенімдімін". 
Реджеп Тайып Ердоған
ДАМУДЫҢ ЖАҢА КӨКЖИЕГІНЕ БЕТ БҰРҒАН ҚАЗАҚСТАН МЕН ТҮРКИЯ 
 
15 сәуір күні мемлекеттік сапары жайлы Түркияның Эсенбоға әуежайында мәлімет берген Түркия Республикасының президенті Реджеп Тайып Ердоған Қазақстанның Түркия үшін тек қана дос және бауырлас бір ел емес, сондай-ақ, стратегиялық бір ортақ екенін атап көрсетті. 
Реджеп Ердоған сапар барысында Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауидің қабіріне баратындығын, сондай-ақ, Түркияның Дін істері басқармасы тарапынан Түркістан қаласында салынған Ахмет Ясауи атындағы мешіттің ашылу рәсіміне қатысатындығын мәлім етті. Сонымен қатар, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті тарапынан берілетін «Құрметті профессор» академиялық атағын қабылдайтындығын жеткізді.
Айта кетейік, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2009 жылы Түркия сапары кезінде стратегиялық ортақтық келісіміне қол қойған. 2012 жылы екі ел арасында құрылған Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алғашқы жиналысы Түркияда жүзеге асқан болатын. 
Астана қаласында 16 сәуірде өтетін Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің екінші жиналысына арнайы шақыру алған Реджеп Тайып Ердоған Түркия президенті ретінде ресми сапармен Қазақстанға бірінші рет келіп отыр.
Естеріңізде болса, бұған дейін Реджеп Тайып Ердоған 2012 жылы Астана қаласына келген болатын. Ол кездегі сапарында Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін үздік дипломға бітірген түлектерге диплом табыстаған болатын.
Түркия президентін Астана Халықаралық әуежайында ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов пен Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешов қарсы алды.  
                                                                         
"ТҮРКИЯ МЕН ҚАЗАҚСТАН БІРГЕ ҚОЗҒАЛЫП, ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫН КӨРСЕТУ КЕРЕК»
 
16 сәуір күні Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Түркия Республикасының Президенті Реджеп Тайып Ердоғанмен кездесті. Кездесу барысында қазақ-түрік қарым-қатынастарын одан әрі нығайту, өзара іс-қимылдарды байланыстардың кең ауқымында дамыту мәселелері талқыланды. 
Мемлекеттер басшылары халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті жайттарды да қозғады. Қазақстан президенті екі елдің арасында орнаған достық және бауырластық қарым-қатынас өте жоғары деңгейде екенін атап өтті.  
Сіздің басшылығыңызбен Түркия соңғы 12 жылда зор табыстарға жетті. Ол экономикалық көрсеткіштері жағынан әлемде 16-орында, бұл – бүкіл халықтың еңбегі мен Сіздің күш-жігеріңіздің нәтижесі. Сізбен бірге үлкен делегация келді, олар бүгін екіжақты бизнес форумға қатысады. Сіздің сапарыңыз біздің қарым-қатынастарымызды жаңа деңгейге көтеруге септігін тигізетініне сенімдімін, – деді мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.                                                     
Ал, Түркия президенті Реджеп Ердоған екі жақты ынтымақтастыққа қоса, халықаралық және аймақтық мәселелер тақырыбында да пікір алмасқандарын атап айтты.
Президент «Аймақты қоршап алған жалынға қарсы Түркия мен Қазақстан бірге қозғалып, ынтымақтастығын көрсету керек» деді.
Қазақстанның Түркия үшін Орталық Азияның ең маңызды мемлекеттерінің бірі екенін атап айтқан президент Ердоған аймақтық мәселелердің екі ел арасындағы саудаға да ‘болымсыз’ ықпал еткенін білдірді.
Ердоған «Мұны реттейтінімізге және жоғалтқан мүмкіншіліктерді қайтаратынымызға сенімдімін. Сауда саласындағы нысанамызды 10 миллиард долларға жеткізу тақырыбында ортақ пікірдеміз» деді.
Сонымен қатар, кездесу барысында Түркия Республикасының президенті Реджеп Тайып Ердоған 26 сәуірде Қазақстанда кезектен тыс өтетін Президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаевқа зор табыс тілейтіндігін жеткізді.
Екі ел басшысының қатысуымен өткен отырыс барысында түрлі салалардағы екі жақты ықпалдастықты нығайту мәселелері, сондай-ақ «Жаңа Синергия» бірлескен экономикалық бағдарламасын жүзеге асырудың негізгі бағыттары қарастырылды.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Реджеп Ердоғанның елімізге әр сапары екі елдің қарым-қатынастарын нығайтуға бағытталған елеулі табыстарға толы болып келетінін атап өтті.
Айта кетейік, Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоғанның Қазақстандағы мемлекеттік сапарында Сыртқы істер министрі Мевлүт Чавушоғлу, Энергия және табиғи ресурстар министрі Танер Йылдыз, Азық-түлік және мал шаруашылығы министрі Мехти Экер, Мәдениет және туризм министрі Өмер Челик, Ұлттық Қорғаныс министрі Исмет Йылмаз, Қатынас, теңіз және коммуникация министрі Феридун Билгин, Экономика министрі Нихат Зейбекчи серік болды.
Кездесу соңында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бауырлас Түркия мемлекетінің президенті Реджеп Тайып Ердоғанға шақыруын қабыл алғаны үшін осы сапарына көп ризашылығын білдірді.
 
«ФОРУМ ЕКІ ЖАҚТЫ ИНВЕСТИЦИЯҒА ҮЛКЕН ӘСЕР ЕТЕДІ»
 
Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоғанмен кездесуден кейiн жасалған бiрлескен мәлiмдеме барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Түркияның Еуразиялық экономикалық одақпен еркiн сауда құру ниетiн қолдайтынын жеткiздi.  
Сол күні Астанада екі ел басшыларының қатысуымен Қазақстан-Түркия бизнес форумы өтті. Нақты деректерге сүйенер болсақ, форумға құрылыс саласы мен құрылыс материалдарының өндірісі, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, машина жасау, орман шаруашылығы, тоқыма және дайын киім өндірісі, кеме жасау, мұнай химия¬сы салаларында жұмыс істейтін екі елдің 300-ден астам компаниясы қатысты.
Қазақстан-Түркия бизнес форумының экономикалық саланың дамуына, екіжақты инвестицияға үлкен әсер етері сөзсіз. Түркияның іскер топтары Қазақстанмен сауда және инвестициялық байланыстарды өзара тиімді дамытуға үлкен қызығушылық танытуда. Осы мүмкіндіктердің екі елдің де экономикалық әлеуетінің дамуына зор тиімділігі болады деген ойдамыз.
 
Нақты дерек:
Түркия – Қазақстанның аймақтағы сенімді сауда-экономикалық әріптесі. 2014 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы сауда айналымы 3,29 млрд. АҚШ долларын құраған.
Айта кету керек, Түркия алғашқы жылдары елімізде жеке кәсіпкерлік пен құрылыс саласының дамуына айтарлықтай үлесін қосты. Қазіргі күні Қазақстанда 1400-ден астам түрік фирмасы жұмыс істеуде.
Сонымен қатар түрік мердігерлері Қазақстанда құны 20 миллиард АҚШ долларынан асатын құрылыс жобасын жүзеге асырды. Осылайша Қазақстанның Түркия экономикасына қосқан күрделі қаржысы шамамен 20 миллиард АҚШ долларына жетті.
Осы жылдар ішінде Қазақстан экономикасына жалпы алғанда шамамен 2 миллиард доллар көлемінде түрік инвестициясы, Қазақстаннан Түркияға шамамен 1 миллиард доллар көлемінде инвестиция жұмсалды.
 
«ТҮРКИЯ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ҚАЗАҚСТАНҒА САПАРЫ ТҮРКІСТАНДА ЖАЛҒАСТЫ»
 
"Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер Түріктің бесігі ғой.
Тамаша Түркістандай жерде туған,
Түріктің Тәңірі берген несібі ғой".                                                  
Бұл – Реджеп Тайып Ердоғанның Түркістанға алғаш келуі. Атажұртта жатқан бабаларға тағзым етуге, рухани байланыстарды нығайтуға келуі біз үшін де үлкен маңызды. Тарихы тамырлас, халқы бауырлас мемлекеттердің бірлігі осы киелі өлкеден басталары ақиқат. 
Атажұртқа келген бауырлас елдің басшысына киелі мекеннің қасиеттерімен Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі таныстырды.  Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – күллі түркі дүниесінің алтын бесігі, рухани орталығы. Түркия Президентінің дәл осы жерге келуі де сондықтан.. 
Кездесу барысында Мемлекеттер басшылары Қазақ хандығының тарихынан сыр шертетін жәдігерлермен танысты. 
 
«АХМЕТ ЯСАУИ МЕШІТІ – ТҮРІК ЕЛІНІҢ ҚАЗАҚ АҒАЙЫНҒА ЖАСАҒАН ҮЛКЕН ТАРТУЫ»
 
Қасиетті жұмаға сай келген Түркістан қаласындағы Ахмет Ясауи мешітінің ашылуы Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоғанның Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарымен тұспа-тұс келді.
17 сәуірде ашылған Алланың ақ үйі Түркияның Дін істері басқармасының қаражатына салынған. Ахмет Ясауи мешітінің ашылу рәсімінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы мен Түркияның Дін істері басқармасының төрағасы Мехмет Гөрмез қатысып, жұма намазын оқыды.
Мешіттің жалпы аумағы 2 гектарды алып жатыр.
Құлшылық үйінің мұнарасының биіктігі 33 метрді құраса, күмбездің биіктігі – 31 метр, сыйымдылығы 2 мың адам. Қос ел арасындағы бауырластықты нығайтып, екі ел мәдениетін біріктіре өрілген мешіт қабырғаларынан қазақ елінің дәстүрлі сәулет өнері айқын көрінген. Мешіт қасында кітапхана және заманауи асхана залдары қарастырылған. Сондай-ақ, азаншылар мен имамдарға арналған бөлмелер, дәрісханалар да бар.
Мешіт ашылған күні Түркістанда нөсерлеп жылы жаңбыр құйып тұрды.. Жаңбыр Жер анаға Алланың берген нұры. Ниет етіп оқылған дұғалардың бәрі қабыл болсын. Жамағатқа жаңа мешіт құтты болсын!
 
«РЕДЖЕП ТАЙЫП ЕРДОҒАН – АХМЕТ ЯСАУИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҚҰРМЕТТІ ПРОФЕССОРЫ»
 
17 сәуірде Түркістан қаласындағы Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Республикасының президенті Реджеп Тайып Ердоған студент жастармен және профессорлармен кездесті.
Кездесуде Өкілетті Кеңес төрағасы Осман Хората мен университет ректоры Уәлихан Сейділдәұлы алғы сөздерін оқыды. Содан соң, Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоғанға Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің "Құрметті профессоры" атағы берілді. 
Түркия президенті өз сөзінде Қожа Ахмет Ясауидің есімімен аталу қаншалықты абыройлы мәртебе әкелсе, осы міндетті (миссияны) атқару да соншалықты жанқиярлықты талап ететінін айтты. Және университеттің алдағы жылдары барша түркі әлеміне тың серпіліс беретін, өз атына және миссиясына лайықты жұмыстар атқаратынына сенім білдірді. 
Кездесу барысында, мемлекет басшылары университетте құрылысы жаңадан басталатын, Қазақстан тарапынан салынатын 500 орындық жатақхана, Түркия тарапынан тұрғызылатын 500 орындық профессорлар офисінің жобалық макеттерімен танысты. «Түркі халықтарының мұражайын» тамашалады. Мемлекет басшылары мəртебелі меймандар тілек білдіретін лебіз кітапқа қолтаңбаларын қалдырды. 
Кездесу соңында университет жастары атынан Өнер факультетінің студенттері тоқыған гобеленді президенттерге естелік сый тарту етілді. Кездесу соңында Реджеп Тайып Ердоған оқытушы-профессорлармен, студент жастармен кездесіп, естелік суретке түсті.
Қазақстан мен Түркия президенттерінің Түркістанға жасаған сапарлары университетіміздің беделін арттырып, мерейін асқақтата түсті. 
 
Мінекей, осылайша, Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоғанның Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарының басты өзегі – 24 жылдық ынтымақтастықтың бүгіні мен келе¬шегін саралауға, ынтымақтастыққа жаңа сындарлы серпін беруге, тиім¬ді экономикалық қатынастарды жандандыруға бағытталды.
Ал, түрік саясаттанушылары мемлекет басшыларының кездесуі түркі тілдес елдер арасындағы бірлікке күш салуды да көздейді деген пікірде.
 
1.Сүлеймен Шенсой, Түркияның Азия стратегиялық зерттеу орталығының президенті:
-«Түркия тарапы Таяу Шығыс елдерінің саяси, әлеуметтік жағдайынан сабақ ала отырып, түркі тілдес елдер арасындағы бірлікке күш салуы керек. Себебі екі елдің де, яғни Түркия мен Қазақстанның, бұған лидерлік потенциалы жеткілікті. Сонымен қатар, сауда-экономикалық қатынастың көлемін арттырып, ортақ іс құрылуы тиіс».
2. Куршат Зорлу, сарапшы:
-«Екі елдің мемлекет басшылары былтыр Қазақстан мен Түркияның тауар айналымы 10 млрд АҚШ долларына дейін жеткізу керектігін айтқан болатын. Ресми мәліметтер бойынша, қазіргі күні алыс-берістің қаржы көлемі 3,6 млрд долларды құрап отыр. Межеге жету үшін әлі де жұмыс атқару керек. Мәселен, Қазақстанда бірнеше жылдан бері атқарылып жатқан мемлекеттік үдемелі индустриялық бағдарлама бар. Дәл осы тақырып аясында ынтымақтастықты арттыруға болады. Себебі бұл салада Түркияның тәжірибесі мол. Сонымен қатар, энергетика саласы бойынша да бірлесе іс атқаруға болады».
3. Билгин Мазхар, Түркия діни қорының вице-президенті:
"Қожа Ахмет Ясауи – түркі дүниесіне ортақ тұлға, әсіресе, қазақ пен түрікті байланыстырып тұрған ұлы адам. Бұл мешіттің Түркістанда орналасуы сондықтан. Бұл – қазақ бауырларымызға деген құрмет пен достықтың белгісі. Түрік елінің қазақ ағайынға жасаған үлкен тартуы".
Нақты дерек:
Осы уақытқа дейін 1500-ден астам еліміздің түлектері Түркияның жоғары оқу орындарын аяқтап, елге оралса, қазір Түркия елінің 27 университетінде шамамен 600 қазақстандық студент білімдерін жалғастыруда.
Қазақстанда 28 қазақ-түрік лицейі, сондай-ақ, Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Сүлеймен Демирел атындағы қазақ-түрік университеті табысты түрде білім беруін жалғастыруда.
 
Тәуелсіздігімізді төрткүл әлемге паш еткенде атажұрттағы ағайынының қуанышын бірге бөлісіп, алғаш болып ресми түрде еліміздің егемендігін мойындаған Түркия Республикасы болатын.  Дамудың жаңа көкжиегіне бет бұрған екі елдің қарым-қатынасы нығая берсін деген тілектеміз. Қазақстан және Түркия президенттерінің кездесуі қазақ-түрік ынтымақтастығын одан әрі нығайту және оның аясын кеңейту ісіне қосымша серпін беретіні сөзсіз.
 
Сөзімізді қорытындылай келе, 17 сәуір – біздің мемлекетіміздің қуаты мен сенімділігін әрқашан айғақтап тұратын күн болсын дегіміз келеді. Айбынымыз әрдайым асқақ, байрағымыз қашанда биік болсын! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын!  Қазақстан мен Түркияның достығы мәңгі жасасын!!!..
 
Ұлдарай Батырқызы, Кәсіби бағдар бөлімі.
                                                                                                                                                                                                                                               
(Ескерту: Мақала  Ақорда кз, Биньюс кз, ТРТ радиосынан алынған деректер негізінде жазылды) 
 
Түркия президенті Реджеп Райып Ердоғанның Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары туралы Түркияның БАҚ өкілдері де жарыса жазып жатты. Төмендегі сілтемелер арқылы оқи аласыздар:
 
1.
2.
3.
 

Жаңалықтар мұрағаты

Сәуір 2015
Дү Се Сә Бе Жұ Се Же
30 31 1
  • Иран Ислам Республикасы Елшілігімен ынтымақтастық келісім-шартына қол қойылды
  • 24 грант Республикалық Олимпиада жеңімпаздарына берілді
2
  • «ХҚТУ - Самұрықтары» үздік танылды
  • Информатикадан Республикалық пәндік олимпиада басталды
  • Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды
3
  • Дөңгелек үстел: «Иран өнері, тарихы, мәдениеті»
  • "Егемен Қазақстан": Түркістанда Қазақ хандығының тарихына арналған конференция өтті
  • Bnews.kz: Түркістанда Қазақ хандығына қатысты халықаралық конференция өтті
  • ПӘН ОЛИМПИАДАСЫ БІЛІМДІЛЕРДІ ДАРАЛАДЫ
  • ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТҮРКІСТАНДА ҒЫЛЫМИ САРАЛАНДЫ
  • Кәсіби бағдар жұмыстары жүргізілді
  • topzhargan.kz
  • bnews.kz
4 5
6
  • «Менің Қазақстаным пойызы» акциясы Түркістанда
  • Олимпиада жетістіктері
  • "Қазақстан ТВ": Түркістан – Қазақ хандығының алтын діңгегі болған
  • "7 арна ТВ": Түркістан туралы терең мағлұматтар жиналмақ
7
  • Хабарландыру
  • Түркия Президенті Режеп Таип Ердоған ХҚТУ-дің Құрметті профессоры!
8 9
  • Тарих – ғасырлар куәсі
10
  • "Ақиқат" журналы: "ҚАЗАҚ РУ, ЖҮЗГЕ БӨЛІНБЕЙДІ, ҚАЙТА РУ, ЖҮЗДЕН ҚҰРАЛАДЫ"
  • Жас шеберлердің туындылар көрмесі
  • Көші-қон жөніндегі талаптар түсіндірілді
  • Аға буын ғалымдар мен жас тарихшылар басқосты
  • ҰЛЫ ДАЛА ҰЛАНДАРЫНА ТАҒЗЫМ
11
  • "Егемен Қазақстан": Түркия президентіне ХҚТУ-дің «Құрметті профессоры» атағы ұсынылды
  • Олимпиада жеңімпазы анықталды
12
13 14
  • Хабарландыру
15
  • Жастарға бағыт-бағдар берілді
  • ЖҮЗДЕН ЖҮЙРІК ШЫҚҚАНДАР
16 17
  • Түркия және Қазақстан республикаларының Президенттері Ахмет Ясауи университетінде
18 19
20
  • Халықаралық ғылыми додада шәкірттеріміз мойындалды
  • ТҮРКІСТАНДА ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ ЖАСТАРЫ БІЛІМ АЛЫП ЖҮР
21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 1 2 3