ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТӘУЕЛСІЗДІК МЕРЕКЕСІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Құрметті Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ұжымы. Сіздерді Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Мемлекетіміздің Тәуелсіздігіне осы жыл 23 жыл толады. Осы жылдар бедерінде Отанымыз әлемдік аренада өз аты мен орнын нықтап бекіткен абыройлы ел ретінде танылды. Елбасымыздың егемен елімізді өркендету жолындағы сарабдал саясатының нәтижесінде үлкен жетістіктерге жетіп отырмыз.

Қазіргі таңда отанымыз алдына биік мақсаттар мен үлкен табыстарды межелеп отыр. Елбасымыздың жаңа «Нұрлы жол: болашаққа бастар жол» аталатын Қазақстан халқына арнаған Жолдауында біздерге үлкен тапсырмалар жүктейді. Бұл қажырлы әрі тынымсыз еңбекті қажет ететіні белгілі.

Сондай-ақ, Президент бейбіт өмір мен саяси тұрақтылықты, халықтың әлеуметтік жағдайын және әлеуетін көтеруді Үкімет алдына үнемі басты міндет етіп қойып келеді. Бұл әрине бізге де қойылған міндет.   

Елбасының ағарту ісіне жіті көңіл бөлуі де осының айғағы. Мемлекеттің басты саясатының бірі, білім мекемелерін көбейту және олардың материалдық-техникалық базасын замануи қондырғылармен жабдықтау, білім сапасын арттыруға барлық жағдай жасау. Бұл - ұстаздардың әлеуметтік мәртебесін жоғарылатуға ықпал ететіні сөзсіз. Бұл  - Сіздердің Қазақстан азаматтарын өз елінің патриоты және тәрбиелі әрі жауапты тұлғасы ретінде  қалыптастыруларыңызға сенім.

Құрметті әріптестер! Қазақстан Республикасының өсіп-өркендеуіне біздің ұжым да өз үлесін қосып келе жатыр. Осы жолдағы маңдай термен ақталған абыройларыңыз қашан да биік.

Сіздерге және отбасыларыңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, ырыс пен ынтымақ, бақыт пен береке тілеймін.

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні құтты болсын!

 

Құрметпен;

У.С.Әбдібеков,

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ

президенті, профессор.