«ЯСАУИ» ПӘНДІК ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ УНИВЕРСИТЕТ ТУРАЛЫ ОЙЛАРЫМЕН БӨЛІСТІ

2014 жылдың сәуір айында тұңғыш рет Республикалық «Ясауи» пәндік олимпиадасы өткен болатын.Қазақстанның 14 облысының орталығында 11 пән бойынша 4000-ға жуық мектеп бітіруші түлектер бағын сынады.Университет базасында өткен қорытынды кезеңнің нәтижесі бойынша 34 оқушыға Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ГРАНТЫ негізінде білім алу үшін арнайы сертификаттар берілген болатын.

Осы орайда Түркия грантыбойынша білім алып жатқан  студент жастар университет туралы ойларымен бөлісті.

Муслима АСАН,  Медицина факультетінің ЖМ-412 тобының студенті:

-Ұлттық біріңғай тестті ойлап, арман  қуып  жүрген  талапкерлердің  бірі  едім. Сондай күндердің бірінде мектебімізге   университетті   таныстыру мақсатында  Балаубеков  Мырзахмет   ағай келді. Ағайға өзімізді қызықтырған сұрақтардың барлығын жаудырып,  болашақ  университетіміз жайлы  көптеген мәліметтер  алдық. Мырзахмет  ағай  сол  күні  Көкшетау  қаласында  университеттің   ұйымдастыруымен   Республикалық    пәндік  олимпиадасы  өтетінін   айтты. Мектептен  рұқсат  алып,  бірден  қалаға  тарттық.   Біраз  күн  өткен соң  университеттен   хабарласып, 1-ші кезеңнен  өткенімді  айтты. Шынымды  айтсам, бұл  хабарға  басында  қатты  сеніңкіремедім, мүмкін  шатастырып  алған  болар  деп  те  ойладым. Кейін  университеттен  тағы  телефон  шалып ,  2-ші кезеңге шақырту  алдым.  Еш ойланбастан Түркістанға қарай  жол  тарттым. Бұл кез  сәуір  айының  соңы  болатын, ауа -райының  да   жақсы  болып  қалған  кезі  еді. Университет  территориясына  аяқ  басқаннан  кейін  тоқтап  тұрып, жан-жағыма  асықпай  көз жүгірттім.  Университеттің  орналасқан  жері,  алаңы, оқу  ғимараттары   маған   қатты  ұнады , тіпті,  архитектурасының   өзі     ерекше  көрінді.   Киелі   Түркістанға  келіп  тұрып,  оның   тарихқа   толы    жерлерін  араламай  кету  мүмкін  емес  болатын. Сондықтан  да  алғашқы  күні  қатысушыларға  арналған   экскурсия  болды. Алған  керемет  әсермен     олимпиадаға  бардым. Келесі  күні      үлкен  концерт  болды. Соңында  жүлделі  орындарды  марапаттау  басталды. Жеңімпаздар  қатарынан  өзімнің  аты-жөнімді  естігенде   төбем  көкке  жеткендей  болды. Сөйтіп   биология  пәні  бойынша  2-орынды  иелендім. Бізге  бағалы  сыйлықпен  қоса  Түркия гранты негізінде  тегін  білім  алу  мүмкіндігі  берілді.  Бұл  мен  үшін  үлкен  мәртебе  болды  әрі   ауыз  толтырып  айтарлықтай  үлкен  жеңіс  еді. Сөйтіп  үлкен  абыроймен  біз   Көкшетауға  қайттық. Мектебіміз  бізді   қуанышпен  қарсы  алды.

Қазіргі   сәтте   мен  осы  университетке  қайтадан  келгеніме,  осында  білім  алып  жатқаныма өте қуаныштымын. Бұл  университеттің  үлкен  артықшылығы – өзінің  клиникалық-диагностикалық   орталығының   болуы деп айтар едім. Онда  өте  білікті  мамандар  жұмыс  жасайды.Ал,  студенттер   өздерінің  білімдерін  одан  сайын  практика  жүзінде  дамыта  алады. Бұдан  бөлек  зәулім  ғимараттары,  спорт  алаңдары,  кітапханасы  бар. Білім  беру  жүйесі  де   жоғары  дәрежеде, сан  түрлі  үйірмелері  де  толып  жатыр. Жалпы  алғанда  оқимын  деген  студент  үшін  барлық  жағдай  жасалған. Бұл –  армандарым  мен  мақсаттарым  орындалатын   оқу  ордам!

Бұл – менің университетім!!!.

Аягөз КӨШЕЙ,Әлеуметтік ғылымдар факультетінің ЗҚТ-411тобының студенті:

-2014 жылдың көктемінде мектебімізге университет оқытушылары келіп «Ясауи» пәндік олимпиадасытуралы айтты.Осы олипмпиадаға бағымды сынап көрейін деп мен де қатыстым.Бұл олимпиаданың I-ші туры өзіміздің Көкшетауда өтті.Біраз уақыт өткеннен кейін II-ші турға өткенім туралы хабар алдым.Келесі сынақ сәуір айының соңында Түркістан қаласында өтті.Бұл олимпиададан жүлделі орын аламын деп ойлаған жоқ едім . Бірақ «Білімді- мыңды жығады» дегендей, II-ші дәрежелі дипломмен және университеттің алғыс хатымен марапатталдым, сонымен қатар сыйлыққа смартфон алдым.Ең бастысы Түркияның оқу грантын жеңіп алдым.Бұл менің ҰБТ-ке деген қорқынышымды сейілтті.

Бұл университте оқып жатқаныма қуаныштымын.Түбіміз бір түркі тілдес бауырларымызбен бірге оқу,түркі дүниесін терең білуге,болашақта түрік бауырларымызбен бірге халықаралық қатынасты одан әрі дамыта түсуімізге көмектеседі. Бұлай түрік дүниесін бір шаңырақ астына жинау өте көрегендік және кемел саясат деп ойлаймын.

Алдағы уақытта бұл университтен жақсы білім алып,еліміздің дамуына өз үлесімді қосқым келеді.

 

Ұлдарай БАТЫРҚЫЗЫ,

Кәсіби бағдар бөлімі