МАҚСАТ – БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ МАМАН ЖУРНАЛИСТЕРДІ ӘЗІРЛЕУ!

Мәдениет және ақпарат министрлігінде ресми тіркеліп, жұмыс істеп жатқан БАҚ саны 3 мыңға тақап қалғанын ескерсек, Қазақстанның 14 жоғары оқу орнында жыл сайын бітіріп шығатын журналист-түлектердің теңізге тамған тамшыдай ғана болары даусыз. Сол себепті, әсіресе, қазақ тілді ортада білім алған мамандарға деген БАҚ сұранысы көбеймесе, азайып отырған жоқ. Ақпараттық кеңістікте бәсекеге қабілетті мамандар әзірлеу қажеттілігін жақсы ұғынған Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Журналистика» бөлімі 20 жылға тақау уақыттан бері «төртінші билік» өкілдерін даярлау ісіне әдістемелік тұрғыдан ерекше көңіл бөлуде. Қазіргі таңда республикадағы бұқаралық ақпарат құралдарының бірқатарында, мемлекеттік қызмет салаларында және түркі тілдес шет мемлекеттерде осы университетті бітірген түлектер жұмыс істейді.

Қазақстан мен Түркияға ортақ халықаралық оқу орны кейінгі жылдары ISO 9001:2000 сапа жүйесі негізінде еліміздің білім беру стандарттарымен қабат әлемдік стандарт үлгілерімен де жұмыс жүргізуде. Институциональдық және мамандандырылған аккредитациядан өту арқылы оқу орнында дамыған мемлекеттердің білім беру жүйесімен жақынырақ танысып, білім сапасын жақсарту бағытында нақты нәтиже беретін жол таңдап алынған. Күн өткен сайын журналистика менеджменті мен маркетингінен хабары бар білікті медиа-мамандарға деген сұраныстың артып отырғаны қатты сезіліп отыр. Болашақ журналистерге білім берудің әлемдік үлгілеріне сүйенсек, онда тәжірибелік дәрістерге басымдық берілетінін, әр студенттің өз бетімен шығармашылық еркіндікте жұмыс істеуіне қолайлы жағдай тудырылатынын аңғарамыз.

ХҚТУ-де журналистік жоғары білім берудің әлемдік стандарттарын жүзеге асыруға лайықты жағдайлар жасалған. Ең ал­дымен, ЖОО-ның материалдық база­сының талапқа сай екендігін айта кету керек. Әлемнің жоғары дамыған өркениетті елдерінде «студенттің саны­нан компьютердің саны асып түскен» жағдайда ғана маман талапқа сай деп танылады. Ғимарат ішіндегі Wi-Fi интернет желісімен қамтамасыз етілген бірнеше компьютер кластарын журналист-студенттердің күнделікті тегін пайдалануы, теле-радио студия мен фотолабораторияда компьютер көмегімен сандық бейне-аудио технологияны монтаждау процесін тәжірибе жүзінде игеріп, оны «Тұран-Түркістан», «Икар» телеарналары арқылы эфирге шығарып машықтануы осының айғағы. Білімгерлер сабақтан тыс уақытта жергілікті телеарна мен баспасөз жұмыстарына араласып, арнаулы репортаждар жүргізіп, хабар әзірлеу, газет шығару ісіне де етене араласып отырады. Оқу ғимараттарының ішіндегі «Дәуір» радио торабы күнбе-күн үзіліс кезінде студенттерді білім мен ғылым жаңалықтарынан, университет хабарларынан құлағдар етсе, қаладағы мектептердің оқушылары тілші-студенттердің көмегімен «Дәуір радиосының» апталық үнін тыңдайды. «Дарын» мектебінде қосымша эллективті дәріс түрінде «Мектептегі журналистика» пәні оқытылуда. Бұл пәнге арналған оқу-әдістемелік құралдар жиынтығы (авторы ф.ғ.к., профессор Б.Сердәлі) республикалық конкурста 1-орынға ие болды.

Студенттер қоғамда жур­налистиканың рөлінің барған сай­ын артып келе жатқандығын, қазіргі жа­һан­дану кезеңін­де ақпараттық майданда «төр­тін­ші билік» ық­палының айрықша сезіліп отырғандығын жақсы ұғынған. Шын мәнінде журналистика ұлттық қауіпсіздікті қамта­ма­сыз етудің маңызды бір бөлігіне айналып отыр.

Кафедра профессор-оқытушылары жеке із­денулері арқылы кейбір олқы тұстардың орнын толтыруға тырысуда. Мұның бір тиімді түрі – сапа­лы оқулықтар мен журналистика сала­сы бойынша жарыққа шыққан ғылыми-зерттеу еңбектерді білім беру ісіне кеңінен тиімді пайдалану. Әсіресе, студент жастардың журналистика теориясы мен тәжірибесінің іргелі туындыларымен етене танысуларына, зерт­теп, зерделеулеріне барынша ден қойылуда. Себебі, білімгерлер университет қа­быр­ғасында жүргенде теориялық білімдерін қазіргі заман талап­тарымен байланыстырып пайдалануға дағдылан­баса, ертеңгі күні БАҚ-қа барған соң әртүрлі ақпарат көздерінен алынған мәліметтерді қорытуға қабі­летсіз болмақ. Ақпарат алу, жазу, оны талдау-сараптау тәсілдерін ерте меңгерген журналист-студенттер БАҚ саласында да өз қабілеттіліктерін тез таныта алады. Бұған дәлел, оқу дәрісханаларында ізденімпаздығымен танылып, баспасөз бетінен жиі көрінген, бүгінде республиканың белді БАҚ салаларында қызмет етіп жүрген Лира Қоныс, Назира Байырбекова, Ғани Жапишев, Меруерт Палмаханова, Серік Жұмабаев, Мәриям Әбсаттар, Жолдыбай Базаров, Дәурен Әбдіраманов, Айгүл Сейілова, Әбдірахман Қыдырбек, Үміт Зұлхарова, Жазира Ботақара, Мәлік Дәулетов, Ұлдарай Батырқызы, Азамат Тілепов сияқты көптеген шәкірттеріміз.

Соңғы жылдары бітірушілердің жұмысқа орналасуы бағытында бірнеше БАҚ-тармен келісе отырып, таңдаулы студенттердің жазғы мерзімде өндірістік іс-тәжірибеден өтіп, жұмысқа орналасуы бағытында өзара келісім-шарттар жасалған. Осы келісім-шарт бойынша: облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетіне 6 студент, республикалық «Айқын» газетіне 1 студент, қазақ радиосына 1 студент, республикалық «Астана хабары» газетіне 5 студент, республикалық «Ұлан» газетіне 1 студент, республикалық «Ақ желкен журналына» 1 студент, республикалық «Сымбат» журналына 1 студент, облыстық Ішкі істер басқармасының баспасөз қызметіне 1 студент, Кентау қалалық әкімдігінің ішкі саясат бөліміне 2 студент т.б. көптеген бұқаралық ақпарат құралдарына жұмысқа орналасты.

Кафедраның негізі қаланған 20 жыл ішінде 200-ден астам шәкірт бітірген болса, оның 70℅-ға жуығы жұмысқа орналасты, олардың 65℅-дан астамы өз мамандықтары бойынша еңбек етуде.

Бүгінде ескі жүйе тұсында жа­рық көрген оқулық­тармен студент­тер­ді алдарқату қи­сын­сыз. Жур­­на­лис­тика теориясының тұжы­рым­дама­ла­ры мен практикалық қызмет­терінің тәсілдері жаңаша бағытта оқылуда. Мұнда кафедраның оқу-әдістемелік базасы болып табылатын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Журналистика факультетінің көмегінің зор екенін айта кеткен орынды. Жуырда ғана 80 жылдық тарихы бар осы ұлттық университеттің базасында студенттер арасында өткізілген «Ең дарынды болашақ журналист» республикалық пән олимпиадасында біздің студенттеріміз 3-ші орынды иеленді. Бұдан бұрын журналист-студенттердің командасы қатарынан үш жыл 2-ші орынды иеленіп жүрген болатын. Жалпы, біздің студенттеріміз жергілікті «Тұран-Түркістан» телеарнасының демеуімен MediaNet ұйымының бағдарламасы бойынша Алматы және Қызылорда қалаларында болып, сюжеттер әзірлеп, аймақтық тренингтерге жиі қатысуда.

Кафедрада сөйлеу және қарым-қатынас мәдениеті, кәсіби этика, әлеуметтік психология, сая­саттану, экономика, құқықтану секіл­ді пәндердің сапалы оқытылуына айырық­ша назар аударылуда. Ендігі міндет – болашақ журна­листерді дәл осы салалар­дың базасында даярлай отырып, журналист-құқықтанушы, жур­налист-экономист, журналист-сая­саттанушы, журналист-бағдарла­машы, т.с.с. қос ма­ман­дықты игеруіне қол жеткізу.

Бүгінгі әлемдік, әсіресе, еуропалық БАҚ тыныс-тіршілігінен жанды мысалдар мен жан-жақты мол мағлұмат­тар беретін тың ізденістер қажет. Әзірге бізге қолымыз жетеді дейтін Түркия журналисти­касының тәжірибесімен қанағаттануға тура келіп тұр. Ондағы қыс­қа да нұсқа, күрделі ұғымдардың өзін қара­пайым тәсілмен ұтымды түсіндірген медия-оқулықтарды қазақ тіліне аударылып, қолданысқа енгізілуде, газет шығару, эфирге хабар жіберу технологияларымен бетпе-бет танысу – студенттер үшін үлкен тәжірибе мектебі болып отыр. Үстіміздегі жылы 3 оқытушы «Мәулана бағдарламасы» бойынша Түркияның белді оқу орындарында академиялық ұтқырлық шеңберінде дәріс оқуға жүргелі отыр.

Кафедра жанындағы «Студенттердің қоғамдық кафедрасы» жазуға икемі бар талантты мектеп оқушыларымен тығыз байланыс орнатқан. Жыл сайын Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстары көлемінде «Ақ қауырсын» шығарма бәйгесін өткізіп, журналистік қабілеті бар оқушылардың адаспай, өз мамандықтарын таңдауына бағыт-бағдар беріп отырамыз. Бұл түйінді мәселеде және кафедраның оқу-ғылыми және тәрбие процесін ұйымдастыруда профессор-оқытушылар: ф.ғ.к., доцент С.Садықовтың, п.ғ.к., доцент Қ.Оразбекұлының, ф.ғ.к., аға оқытушы С.Мұзаффарованың, магистр А.Сәдібектің өзіндік үлестері бар. Кафедра жанындағы «Нұр» шығармашылық-таным клубы мен «Шолпы» қыздар клубы да, «Жаңа ғасыр» телеүйірмесі мен «Дәуір» радиоүйірмесі де, «Мезгіл» фотостудиясы да студенттердің сүйікті мекені.

Сөз жоқ, қазір БАҚ-тың талаптарына сай келетін сапалы мамандар даярлап шығаруға мүмкіндік туды. Ақпарат нарығында бә­секеге қабілетті, БАҚ менеджментін жолға қоятын және шынайы қоғамдық пікірді қалыптастыратын журналистердің нақ осы университет қабырғасынан түлеп шығатынына кәміл сене беріңіз.

 

                       Біздің түлек – біздің мақтаныш!!!

«Журналистика» мамандығы бойынша бітіріп, түрлі БАҚ салаларында әртүрлі қызметтерде жұмыс істеп жатқан түлектеріміз – біздің мақтанышымыз:

 

·  «Егемен Қазақстан» газетінде - «Шабыт» фестивалінің лауреаты Айгүл Сейілова мен Әбдірахман Қыдырбек;

·  «Дала мен қала» газетінде - «Тарлан» Платинасының «Үкілі үміт» номинациясының иегері Лира Қоныс пен журналист Серік Жұмабаев.

·  «Хабар» агенттігінде – Меруерт Палмаханова, Динара Балаубекова, Ғани Жапишев;

·  «Қазақ радиосында» – Азамат Тілепов, Ұлдарай Батырқызы, Базарбай Қожагелдиев;

·  «Қазақстан» ұлттық арнасында – Назым Исмаханбетова, Айнұр Мәуленова, Айнұр Қалдарбек;

·  «Алаш айнасы» газетінде - Мәриям Әбсаттар, Қуаныш Әбілдәқызы;

·  Президенттің мәдени орталығында, «Мәдени мұра» журналында – Гүлнұр Қыдырбек;

·  «Астана хабары» газетінде - мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері Назира Байырбек,  журналистер Жансая Сыдықбаева, Гүлмира Аймағамбет, Гүлжан Рахман, Шынар Досанова;

·  «Айқын» газетінде – Жадыра Ходжахметова;

·  «Евразия-1 ОРТ» телеарнасында – Әсем Қабылбек пен Нұркен Әкімқұлов;

·  «Каспионет» телеарнасында - жас киноактриса Мөлдір Мырзақасымова;

·  «Қазақстан» ұлттық арнасында – Назым Исмаханбетова, Айнұр Мәуленова, Айнұр Қалдарбек;

·  «Алаш айнасы» газетінде - Мәриям Әбсаттар, Қуаныш Әбілдәқызы;

·  «Шеврон» мұнай компаниясының баспасөз хатшылығында – Түркияда магистратура оқып келген Нұралы Жылысбаев;

·  Анкарада қазақ-түрік компаниясында – Молдияр Ергөбеков, Гүлзада Қалиева;

·  Қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшылығында - Мөлдір Нәлібаева;

·  ОҚО ішкі істер басқармасының баспасөз хатшылығында – Гүлбану Айдүйсенова;

·  Қызылорда облыстық әкімдігінің ішкі саясат бөлімінде – Бекжан Есенбаев;

·  «Шымкент келбеті» газетінде – Замира Кенбаева;

·  «Жұлдыздар отбасы» журналында - Нұралы Атеев;

·  «Айғақ» газетінде - Жолдыбай Базаров;

·  «Оңтүстік Қазақстан» газетінде - Асылбек Досалы, Ғабит Сапарбеков, Назгүл Назарбекова, Айдар Құлжанов, Нұршат Төкен, Дилара Бименова;

·  «Айғақ» телеарнасы мен «Оңтүстік рабат» газетінде – Дәурен Абдраманов, Ардақ Жақсылықова;

·  «Ақ желкен» журналында - Жадыра Нармаханова (бас редактор);

·  «Ұлан» газетінде - Гүлфарида Зейнуллина;

·  Түркістан әкімдігінің баспасөз хатшылығында - Мәлік Дәулетов;

·  Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшылығында - Бахарнұр Жұмаділ;

·  «Кентау шұғыласы» газетінде - Әбубәкір Қалдыбаев (редактор);

·  Кентау қалалық әкімдігінің ішкі саясат бөлімінде - Бауыржан Жорабеков;

·  «Қазақ үні» газетінде - Гүлмира Садықова;

·  «Қазақстан-Шымкент» телеарнасында - Қанат Жүнісбеков т.б.             

Түлектер арасында Балзия Баешова мен Әлия Білдебекова – филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғаған. Айнұр Қалдарбек, Мәриям Әбсаттар, Асқат Сәдібеков, Еңлік Байбосынова, Гүлнар Маманова, Ғалымжан Тәжібаев магистратураны бітірген. Мырзахан Байболов – Түркияда докторантурада, Ермек Қанатбек, Айбала Бекболат, Жанерке Хумар – Еуразия Ұлттық Университетінде магистратурада оқуда. Университет құрылымында қазіргі таңда қызмет етіп жатқан түлектеріміз де бар: Әлия Білдебекова, Асқат Сәдібеков, Гүлнар Маманова, Ғалымжан Тәжібаев, Динара Мыңбаева, Динара Көлбаева, Шолпан Әшімбекова, Фарида Яхияева, Ұлдарай Батырқызы.                                                             

 

Бекжігіт СЕРДӘЛІ,

профессор.

 

 

 

Жаңалықтар мұрағаты

Қаңтар 2015
Дү Се Сә Бе Жұ Се Же
29 30 31 1 2 3 4
5 6 7 8
  • Болгариядағы студенттеріміз ұлттық өнерімізді насихаттады
  • Жат ағым мемлекеттің назарында!
9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31 1