ТҮЛЕКТЕР ПІКІРІ

 Жапишов Ғани. Журналистика саласы бойынша 2008 жылы бітірген түлек. «Хабар» телеарнасының жаңалықтар жүргізушісі, продюсер:

-Біз оқыған тұста мүмкіндіктеріміз мол болды. 4 жыл жатақханада жаттық. Оқу ғимаратымыз, кітапханамыз, спортпен шұғылданып, серуендейтін орындарымыздың барлығы бір жерде орналасқандықтан уақытымызды тиімді пайдаланатынбыз. Шетелдік мұғалімдерден де дәрістер алып тұратынбыз. Сабақты жақсы оқыдым. Ағайларыма үлкен рахмет айтамын. Әсіресе, Сейдолла Садық, Бекжігіт Сердәлі  ағайларымызға үлкен алғысымды білдіремін.   Ал, университеттің қазіргі білімімен  салыстырсақ,  ақпарат көздерінен оқып жатқанымыздай университетіміз жайқалып жан-жақты дамып, көкжиегі кеңейіп жатыр екен. Жаңа ғимараттар пайда болған, жас білікті мамандар қатары көбейіпті. Осының барлығы әрине көңілді көншітеді.  Оқу ордамыздың түлектеріне қарап деңгейін пайымдауға болады.  Курстас достарыммен әрдайым байланысып тұрамын. Барлықтары да жақсы қызметтерді атқарып жүр. Қызықты оқиға өте көп болды. Соның бірін айтайын. Мәдениет орталығында ай сайын, тіпті, апта сайын түрлі іс-шаралар өткізіп тұратын едік.  Солардың бірінде қателеспесем қыздар тақырыбына бір шара ұйымдастырдық. Алдын- ала жазылған сценарий бойынша қыздар жатақханасына қыздардың киімдерін киіп вахтадан өтіп кету керек болды. Дәл сол бізбен группалас досым Жанболат Малаев екеуміз қыз болып киініп, тіпті, әшекей бұйымдар тағып  сыптай болып, вахтадан кіріп еш білдіртпей өтіп, жатақхананы 2 сағат аралағанымыз бар еді.....:))))   Оның барлығын бейнекамераға түсіріп алып , кейін осы іс-шарамызда мәдениет сарайында көрсеттік.. Студенттерге айтар кеңесім:  көп талпынып, өз бетіңмен ізденуге осы бастан  үйренген дұрыс. Белсенді болуға да тырысу керек. Десек те оқу – басты  орында екенін ұмытпаныздар. Жан-жақты болуға машықтаныңыздар.  Ана тілден бөлек, өзге тілдерді де бос уақыттарыңызда үйрене жүріңіздер. Біздің университетте барлық мүмкіндіктер бар.

Реметов Сәбит. Заң саласы бойынша 2003 жылы бітірген түлек. ҚР Парламенті мәжілісінің аппаратында бас эксперт:

-Қазіргі таңда білім аламын деген ізденушілерге мол мүмкіндіктер жетерлік, кітапханадағы кітаптар саны едәуір артқан. Біз білім алған жылдары ғылыми конференцияларға дайындалу үшін, дипломдық жұмысты жазу үшін Алматы қаласындағы ұлттық кітапханаға баруға мәжбүр едік, ғалымдардың өздерімен тілдесу біз үшін ғанибет еді, интернеттің өзі қолжетімді емес еді, оның ішінде қазақ тілді сайттар тіпті жоқ еді. Қазіргі таңда мүмкіншіліктер мол, қазақ тілді сайттар деген толып жатыр, кітапханалар кітаптарға толы, университеттің ғылыми әлеуеті едәуір артып, ғалымдар қатары толыққан. Зерттеу жұмыстарын университет қабырғасында атқаруға да мол мүмкіншіліктер қарастырылған. Университеттегі мұғалімдеріме айтар алғысым шексіз. Әсіресе, білім алуға, еңбек жолымды дұрыс жүргізуге үлкен септігін тигізген Рая Сейәлқызы Тәжітаеваға және менің оқу орнындағы тәрбие алуыма, көптеген үлкен адамдармен араласуыма, тәжірибе жинауға мол мүмкіндіктерді  жасаған факультет деканы Сағынғали Сандыбайұлы Әбубәкіровке алғысым шексіз. Университетті мен осы екі адамсыз елестете алмаймын.

Студенттік жылдары пікір-сайыс ойындарына қатысу үшін еліміздің көптеген қалаларына іс-сапарға баратынбыз. Бірде сондай бәсекенің бірі Алматы қаласында өтіп, группаластарым Еркебұлан, Еркін, Нұрлан және мен қатысқан болатынбыз. Ол сайыстан жүлделі орын алып, Алматының көптеген жерлеріне қыдырып, қалтамыздағы ақшаларымыздың тез арада таусылып қалғанын да байқамай қалыппыз. Барлығымыздағы тиын-тебенді қосқанда небәрі 1500-дей ақша ғана қалыпты. Содан көңіл-күйіміз жоқ, поездбен қайтуға ақша жоқ, КИМЭП-тің жатақханасынан Сайран автобекетіне дейін жаяу жетіп, автобекеттен Шымкенттің таныс жүргізушілерін іздеп тауып елге жетіп алу үшін төрт жігітке 2000 теңге төлеуіміз керек болатын, шоферға 1000 теңге беріп, қалғанын елге жеткенше «отвечаем» болып келістік. Группамызда Еркебұлан топ басшысы болған соң қалған 500 теңгеге соның қалтасында болған. Сайранда автобусқа жайғасып жатқанымызда алдыңғы бос орындарға екі сұлу қыз келіп жайғасты, сол ақ екен Еркебұлан жымың ете қалып, қыздармен таныса бастады. Біз жаяу жүріп шаршаған соң автобус жүрсе ұйықтап алармыз деп отырғанымызда, ішке банан сатушы әйел кіріп келді де «қыздар банан алыңдар» дегегенінде біздің Еркебұлан мырзалық танытып: «Апа ақшасын мен төлеймін, бананды қыздарға ұстатыңыз» деп қойып қалды. Сол кезде қалғып отырған үшеуіміздің көзіміз шәйдай ашылып кетті. Еркебұланға әй дегенше апамыз оған 150 теңге здачасын қайтарып беріп қойды. Содан бізде үн жоқ, Еркебұлан бізге қарап қып-қызыл. Автобус Алматыдан бірнеше сағат жүрген соң тамақтануға тоқтаған кезде, қалған 150 теңгемізге 1 айран мен 2 нан алып, автобустың арт жағында тығылып жеп отырған кезіміз болған. Содан Еркебұлан біраз уақытқа дейін «мырза бала» атанып жүрді.

Шаланов Ербол.  2005 жылғы түлек. «Hemen Kaz Nrade Groip» компаниясының директоры және Қазақ-Венгер біріккен кәсіпорнының директоры:

-Адамның университет қабырғасында оқып, студент атанған жылдары ең қызықты, кез-келген адамның өмірінде айшықты орын алатын уақыты ғой. Барлық көзі қарақты азаматтар секілді менің де ең қызықты студенттік жылдарым, Халықаралық қазақ-түрік университеті деп аталатын еліміздегі ең алғашқы Халықаралық мәртебесі бар оқу орнының қабырғасында өтті. Менің оқу ордасымен таныстығым, мектеп қабырғасынан басталды. Шымкент қаласында орналасқан, біз білім алған Облыстық мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектепте ұйымдастырылатын ғылыми жобаларға, іс-шараларға университет ұстаздары жиі келетін. Әрине, облыстық деңгейдегі түрлі пән олимпиадаларында қазылық жасайтын білікті ұстаздар да осы оқу орнының оқытушы-профессорлар құрамы еді.  Осы алғашқы таныстық мені осы оқу орнының студенті атануыма бірден-бір себеп болды. Оқу ордасында біз білім алған жылдар, оқу орындарына Болон декларациясының талаптары енгізіле бастаған кезеңге сәйкес келді. Бұл декларацияға сәйкес 2010 жылға дейін Еуропалық білім берудің біріңғай жүйесіне көшу көзделген болатын. Отанымыздың білім беру жүйесіндегі ізденістері мен бастамалары әлемдік білім кеңістігіндегі ықпалдастықты арттыру мен сапаны көтеруге бағытталған болатын.  Сондықтан ұстаздар қауымы үшін білім беруде инновациялық әдістер енгізу талап етілсе, студенттер үшін білімді бағалаудың ұдайы жаңа тәсілдері енгізіліп отырды. Университте еуропалық кредиттік жүйені енгізу, барлық пәндерден компьютер арқылы тест тапсыру, әр семестр алдындағы блок тапсыру жұмыстары барлығы осы кезеңдерде бастау алған болатын. Сынақ-емтихан кезеңінде студенттер, осы неге барлық жаңалықтар біз оқыған уақытқа сәйкес келді екен деп қынжылатын. Оңтүстік халқы үшін «ХҚТУ» атымен танымал болған оқу ордасының ұстаздары да өте білікті болатын. Біз білім алған жылдары оқу орнымызда Түркия Республикасынан келіп сабақ беретін профессор-оқытушылар да, түркі тілдес елдерден келіп оқитын жастар да өте көп болды. Университет шын мәнінде Түркі халықтарының мызғымас бірлігінің символы іспеттес болатын. Студентік жылдары білім алумен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсенді араластық. Елімізде ең алғашқылардың бірі болып біздің университетте Студенттердің өзін-өзі басқару  ұйымы дүниеге келді. Оқу орнының, факультеттердің лидері атану үшін қаншама әділ әрі тартысты сайлаулар ұйымдастырылды.  Бұл өз кезегінде жастардың қоғамдық-саяси белсенділігін арттырып, білім мен тәрбие процесін қатар ұштастыруға септігін тигізді. ХҚТУ жастарының белсенділігінің нәтижесінде және біз оқыған жылдардағы оқу орны басшыларының демократиялық көзқарастарының арқасында университет қабырғасында облысқа, республикаға танымал «Бәйтерек» жастар ұйымы дүниеге келді. «Бәйтерек» жастар ұйымы оқу ордасы жастарының басын қосатын, жобаларын іске асыратын үлкен алаңға айналды. Жастардың мейлінше кең білім алып, қоғамдық ортада өздерін еркін сезінуіне сол кездегі оқу орны басшыларының үлкен ықпал еткенін ерекше атап өткім келеді. Бұл ретте, әртүрлі уақыттарда университетте басшылық қызметтер атқарған С. Ж. Пірәлиев, Л.Т. Тәшімов, Т. П. Райымбердиев, Сабри Хизметли, С. Әбубәкіров, Б. Исабек  т.б. көптеген ағаларымыз бен апайларымыздың еңбегін айрықша атап өткен артық емес деп ойлаймын. Оқу ордамыздың басшылары жүктеген жауапкершіліктің үдесінен шығу мақсатында сүйікті оқу орнымда Жастар комитетінің басшысы болып 5 жылға жуық қызмет атқардым. Бұл жылдаралған білімімді тәжірибемен толықтырған, студенттермен біте қайнасқан қызықты жылдар болатын. Қазіргі таңда да университеттегі оқытушы-профессорлармен байланысып тұрамыз. Оқу орнының білім саласына Халықаралық Сапа менеджменті жүйесін енгізіп, тың бастамаларға иек артып отырғанын мақтаныш етеміз. Соңғы жылдары университеттің экономика факультеті студенттерін өндірістік іс-тәжірибеден өтуге Астанаға қаласына шақырып, олардың жұмыстарын үйлестіріп отырмыз. Өзімізге қарасты компанияларда болсын, біздің серіктестеріміздің мекемелерінде болсын қазіргі  студенттер де белсенділігімен, білімдерімен көзге түсуде. Болашақта да оқу орнымыз әлемнің ғылымы мен білімінің бірегей орталығына айналып, түлектері арқылы мақтанып отыратын үлкен қара шаңыраққа айналарына сенеміз.

Студенттік жылдары бастан көптеген қызықты жайлар өтеді ғой.  Аузыма түскен алғашқы бірі айтайын. 3-курста оқып жүргенде университет атынан «Отан тарихы» пәнінен  Студенттердің  республикалық олимпиадасына қатысқанбыз. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің қабырғасында ұйымдастырылған шараға республиканың барлық (ұлттық, мемлекеттік, жеке меншік) оқу орындарының студенттері қатысты. Аталмыш бәсекеде біздің оқу орны 2 орын иеленген болатын. Сол шараның бір қызығын айтайын.

Қасымда өзім секілді тарих факультетінің студенті Ғалымжан Оразымбет деген азамат барған болатын. Шынын айтайын, оңтүстіктің баласы болған соң Теріскейдің тамағына тойыңқырамай, талғажау болар бірнәрсе іздеп, жатағымызға жақын маңдағы  дүкенге келдік. Ары іздеп, бері іздеп бұл жақтан да мандытып ештеме таба қоймаған соң, дүкен сөресіндегі тауыққа көзіміз түсті. Сатушыдан піскен тауық па деп сұрасақ, ия деп қояды. Жаппарқұлда жан бар ма, бір тойып жейтін болдық қой деп бірнеше тауықты алып, бізді орналастырған жатақханаға тарттық. Ол жақта бізді күтіп бастап барған жетекшіміз отыр. Ол да сол тамағының бабы табыла қомаған Бақытжан деген ағайымыз еді. Алып барған пакетті аша салып тауықты қақ ортасынан бөлсек, қан шығып тұр, мұнысы несі деп қоямыз. Екіншісін кессек ол да солай, арасы қара-қошқыл. Ғалымжан екеуміз салып ұрып қайтадан дүкенге келіп, піспеген тауық беріпсіндер деп айқайды салып тұрмыз. Олар піскен дейді. Сөйтсек ысталып пісірген тауық сондай болады екен ғой. Бұрын жеп көрмеген басымыз, сатушыларды күлкіге қарық қылғанбыз. Қайран студенттік шақтар-ай... Студенттік шақ барлығына үлгеретін уақыт. Студенттік кезеңдегідей өмірлік маңызы бар  білім алатын кезең қайта оралуы екіталай, сондықтан жастар уақытын босқа өткізбесе екен деп тілек айтамын.

Дүйсенбі Асқар. 1995 жылғы түлек. «Хабар» телеарнасының редакторы, ақын:

-Біз білім алған тұста, алғаш университтетің құрылған шағы және тәуелсіздіктің алғашқы жылдары болатын. Экономикалық тоқырау. Әйтсе де, университетке Алматы, Қарағанды қалаларындағы ең озық мамандар тартылды. Оқытушылар құрамы мықты, білім беру де сапалы болды. Бүгінгі кезеңнің айырмашылығы, оқу ордасы материалдық тұрғыдан толық қамтамасыз етілген. Заманауи технологиялармен жабдықталған. Оқулықтар мен қажетті білім алу құрылғыларына барынша қол жетімді. Білімге құштар, жақсы маман болам деген адамға қашан да, қай кезеңде де жол біреу-ақ. Ол – оқу!

Университтегі кезең, әр студен үшін қызықты шақ. Менің студенттік кезеңім – өмірімнің мәңгілік көктемі. Әр күніміз қызық, әр аптамыз маңызды оқиғаларға толы болатын. Түркия мен еліміздің президенттері, саяси, руханияттың ең лауазымды тұлғалары, өнер адамдары жиі келетін. Өзіміз университет ішіндегі талантты, өнерге құштар жастармен тығыз байланыстар орнатып, рухани орта жасап, әр кешті тойға айналдыратынбыз. Есімде қалған оқиғаларды тізбектеп жазу кітапқа симас сірә.  

Университетіміз жәй ғана оқу ордасы емес. Оның негізгі құрылғандағы мақсаты тамыры бір түркі әлемінің ошағы болу яғни, түркологиялық орталық миссиясын арқалау болатын. Мамандыққа сәйкес білімді әр жерден алуға болады. Мұнда оқыған әр студент қазақ халқының ғана емес, түркі жұртының тарихы мен мәдениетін білетін, ұлттық қасиеттерді бойына сіңірген «толық адам» болып шығулары тиіс! Менің қазірге шәкірттерге айтарым білімді болыңыздар, білікті болыңыздар!